• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Монстрлар университеті» фильміне жазған рецензиясы

    • — 20 маусым 2013
    • Баға: 7/10

    Майк пен Салли "Корпорацияда" көрсетілгендей үнемі ажырамас дос болып жүрмеген екен. Бұл приквелде екеуі қалай танысқанын, қорқытушылардың мекемесіне қалай жұмысқа орналасқанын біле аламыз.

    Шыны керек, барлық бүге-шегесі ойластырылған приквел күтпеген едім. Мультфильмнің түпнұсқамен байланысы кейбір кейіпкерлер мен оқиғалар арқылы әдемі жеткізілген.

    Бір-біріне түр жағынан да, мінез-құлық жағынан да ұқсамайтын монстрлардың бейнесі есте қаларлықтай етіп жасалған. Кейбір кейіпкерлердің образдарының жарқындығы сонша, оны бұрыннан білетін таныс тұлғадай қабылдап қалуыңыз ғажап емес.

    Дубляж

    "Монстрлар университеті" - қазақ тіліне аударылған жалпы бесінші, ал биылғы алғашқы Голливуд туындысы. Осыған дейінгі жобалармен салыстыра келе, "Көліктер 2" деңгейіндегі шүкір деуге келерлік аудармасы бар мультфильм екен деп шештім.

    Толық дубляж деуге әлі ертелеу. Осыған дейінгі аударылған киноөнімдер секілді, бұл жерде де тек кейіпкерлер таза дыбысталған. Фильм барысындағы жазулар мен кіріспе/ақырғы титрлар орыс тілінде қалып отыр. Бұның бәрі түптеп келгенде мультфильмді таза "қазақи қабылдауға" кедергі болары анық. Десек те осыған да рахмет.

    Кейіпкерлердің ішінен Майк Вазовскийдің (Дулыға Ақмолда), Салливанның (Руслан Сенкебаев) және Декан Хардкрабблдың (Лидия Каденова) қазақша дыбысталуы керемет шыққан. Айтпақшы, Вазовскидің бала кезіндегі бейнесін қазақша сөйлеткен балаға да құрмет білдіремін (қателеспесем, оны балалар үйінің тәрбиеленушісі дыбыстады).

     

    Сөз соңында, киноға баруға екі ойлы болып отырған көрерменге ойланбай-ақ билет ала беруге кеңес берер едім. Қыран-топан күлкі мен көз алмай қарайтын қызықтарға кепілдік беремін.  

Пікірлер