• Біздің парақшалар:
  • Ернар Бекенов «Сүт, Қаймақ, Сүзбе» фильміне жазған рецензиясы

    • — 4 шілде 2013
    • Баға: 5/10

    Қазақстан киносы үшін бұл бір қызық оқиға болды. Алдымен телевидениеде көрсетіліп, содан кейін ғана кинопрокатқа жол тартқан бірінші отандық картина осы шығар. Тағы несімен ерекшелендіре алды, оның бәрі төмендегі абзацтарда.

    Линда Нигматулинаның отандық киноға түскені әрине қуантты. Бірақ осы бір сұлу актриса өмірде танысым болса: "Сен кино таңдамайсың ба?" - деп сұрар едім. Әрине, бұндай кәсіпқой актрисалар өз рөлін алып шыға алады. Дегенмен дәл осы кино оның деңгейі емес сияқты еді ("Қайрат - чемпион" да Линда үшін тым төмен кино болуы керек еді).

    Фильмнің түпкі сюжеттік идеясы жаңа болмаса да, қызықты еді. Өмірінде ауыл көрмеген, ақ саусақ қала қызы мен сүт, қаймақ пен сүзбе сатып күн көретін қарапайым ауыл қызы. Бірде ғайыптың күшімен екеуінің орны ауысып кетеді. Енді олар өздері жек көретін ортаға бейімделуі керек: Линда Нигматулинаның орындауындағы қала қызы ауылда сиыр сауып, қаймақ жасап үйренеді, ал Гүлнар Силбаеваның орындауындағы ауылдан шыққан сауыншы қыз қаладағы үлкен банкте кредит менеджері болып, өзіне мүлдем түсініксіз кәсіпті меңгереді.

    Осы фильмді көре отырып, әр эпизод сайын экрандағы суреттен мүлдем басқа картиналар басымды ойнап тұрды. Кейін түсіндім: басымдағы картиналар әлгі эпизодтарға қосқан толықтыруларым мен өзгертулерім екен. Бұндай ішкі фантазиялық деңгейдегі нұсқалар әп-әдемі сюжетті оңдыра алмағандықтан пайда болды деп түйдім.

    Осындайда Қазақстан қалаларының қоғамдық көлігіндегі кондукторлар еске түседі. Бір ренішіңді айта бастасаң: "Ұнамай ма, түсіп қал да таксиге отыр" деген жауапты айтады ғой. Режиссер Гильман да көрерменге солай дегендей болды: "Ұнамай ма, өзің құрастырып ал". Әрине, режиссердің көрерменге деген ізгі ниетіне күмәнім жоқ, бірақ ұсынған туындысындағы сюжеттік желілердің әлі тігілмеген құрақ көрпе секілді бір-бірімен үйлеспей, оқиғалары қабыспай өрбуі, көзге ұрып тұрған сәйкессіздіктер немқұрайлықтың нышанын аңғартты.

    Үлкен экранға шыққан кино ТВ шеңберінде қала беру керек еді деген ой пайда болды соңында. Әрине, талпыныс пен еңбек үшін көп рахмет, бірақ бұл біз күткен шедевр емес.

Пікірлер