• Біздің парақшалар:

Алғысөз немесе жоба туралы

Кино - бұқаралық күрделі өнер түрі. Кино - ғажайып және жас өнер деп қарастыруға болады. Аталмыш өнердің пайда болуының өзіндік тарихы мен тағлымы бар.

Кино адамзат баласының үзбей ізденісінің арқасында дамып отырды. Бұл өнердің келуіне, ары қарай өркендеуіне көптеген өнертапқыштар аянбай тер төкті. Франциядан бастау алған "кино" бар әлемге кеңінен таралды. Ағайынды Люмьерлердің 1896 жылы (кей деректерде 1895 жылы деп кездеседі) "Поездің келуі" ("Прибытие поезда"), "Жұмысшылардың заводтан шығуы" ("Выход рабочих из завода") сюжеттері пайда болды. Өмірдің өзінен боямасыз алынған күнделікті тіршілік актер ойынынсыз, декорациясыз көрсетілді. Бұл адамзат баласы  жасаған алғашқы кино болатын. Осы жылы алғашқы киносеанс ұйымдастырылды.

Уақыт өте келе киноның маңыздылығы арта түсті. Алғашында өнер болып пайда болған "кино", кейіннен пайда табу көзіне айналды. Бұны түсінген Америка кинематографистері мен қалталы азамттар, киноны барынша көптеп шығарып, пайда табуды көздеді. Киноны тек пайда табу жолы ғана емес,сонымен қатар ұлттық идеологияны насихаттау құралы ретінде де пайдаланды. Нәтижесінде "америка киносының эрасы" деген ұғым пайда болды. Америка киносының жанында Франция, Италия, Германия кинолары артта қалып қойды. Бүкіл әлемге өз фильмдерін насихаттау жағынан аталмыш ел біршама жоғарыда болды.

Расында бүгінгі таңда "Кино" өнер ғана емес, сонымен қатар идеологияны насихаттаушы, пайда табу көзі болып келеді. "Ел боламын десең экранында түзе" - бүгінгі қоғамның басты фразасы. Егер киномыз жоғары дәрежеде болса, онда мемлекетіміздің біршама дамығандығының белгісі.

Басқа ел секілді қазақ киносының да өзіндік тарихы бар. Бұл өзінше бөлек бір сала. Киномыздың кешегісі мен бүгінгісі - біз үшін шежіре немесе тарих. Қазақ киносының тарихын алғаш зерттеп зерделеген Бауыржан Нөгербек ағамыз болды. Бұл салада ол кісі қаншама тер төгіп, болашақ ұрпаққа қазақ кино саласында құнды мағлұматтар мен деректерді келтірді. Содан бастап қазақ киносының тарихы жеке сала болып қалыптасты. Жылда шығатын әр қазақ киносы болашақ ұрпақ үшін құнды мағлұмат. Сондықтан мен, қазақ оқырманына, қазақ киносының кешегісінен терең деректер бергенді жөн санадым.

"Киностаннан" ашылған жаңа жоба - "Киношежіре" аптаның әр сейсенбі күні қазақ киносының тарихына арналған материалдар жариялап отырады.

Құрметпен "Киношежіре" авторы - Малик Журчубаев

Пікірлер