• Біздің парақшалар:

Ұлы Отан соғысынан кейінгі қазақ киносы

Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарынан кейінгі қазақ киносы екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңге - 1945-1951 жылдар аралығындағы шыққан көркем фильмдер жатса, екіншісіне - 1952-1960 жылдары шыққан қазақ кинотуындылары жатады.

Соғыс аяқталған соң ЦОКС құрамындағы болған киностудиялар өз жерлеріне қайта бастайды. "Алматы" киностудиясы меншігіне көптеген техникалар мен кино өндіріске қажетті өндірістік зертханалық жабдықтар аманат етіледі.

"Абай әндері" фильмінен кадр

Соғыстан кейінгі жылдары шыққан алғашқы көркем фильм - "Абай әндері" / "Песни Абая" (1945) болды. Сценарий авторы - Мұхтар Әуезов, режиссері - Григорий Рошаль болып бекітілді. Қалыбек Қуанышбаев (Абай рөлі), Шәкен Айманов (Шәріп), Елубай Өмірзақов (Ерден), Серке Қожамқұлов секілді сахна саңлақтары фильмде бас кейіпкерлерді сомдады. Бұл фильм шығысымен қазақ кино өндірісінің қарқын алуы қиындай түсті. Алты жыл ішінде бар-жоғы екі көркем фильм ғана түсіріледі.

"Алтын мүйіз" фильмінің постері

"Абай әндерінен" кейін араға үш жыл салып, 1948 жылы "Алтын мүйіз" ("Золотой рог") фильмі шығады. Режиссеры Е. Арон, фильмнің мазмұны мал шаруашылығы саласында ізденіп жатқан ғалымдар өмірінен алынған. Басты рөлдерде: Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов, Қалыбек Қуанышбаев ойнайды. Көркем фильмдер өндірісі тоқырағанымен, дубляж жұмысы барынша жандана бастайды. Осы кезеңде Қ. Әбусейітов, Д. Тналина, Т. Масанова секілді мамандар аударма жұмысында алғашқы қадамдарын бастайды.

"Жамбыл" фильмінен кадр

1952 жылы экранға "Жамбыл" ("Джамбул") фильмі шығады (реж: Е. Дзиган). Жамбыл рөлін актер Шәкен Айманов сомдап шығады. Фильм Жамбылдың өмірін кеңінен көрсетуге тырысты. Сәтті жағы - Шәкен Айманов қарт Жамбыл бейнесін қайғы қасыреті мен мінезін аша бейнелеп шықты.

"Махаббат туралы аңыз" фильмінің постері

Осыдан соң 1953 жылы, актер болып танылып жүрген Айманов өзінің шығармашылық жолын кинорежиссер саласымен жалғастырады. "Махаббат туралы аңыз" ("Поэма о любви") фильмі оның алғашқы жұмысы болып саналады. Бұл фильмді қазақ киносының төл туындасына да балауға болады. Фильм халық ауыз әдебиетінің үздік туындысы есептелетін "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" лирикалық жырының негізінде түсірілді. Бұл жұмыс соғыстан кейінгі жылдардың екінші кезеңіне тиесілі.

"Шабандоз қыз" фильмінен кадр

1955-1960 жылдары қазақ киносы үшін сәтті жыл болды. Өткені осы жылдары табысты фильмдер дүниеге келе бастады. "Шабандоз қыз" / "Девушка-джигит" (1955  реж: П. Боголюбов) музыкалық комедиясы түсірілді. Режисердың көмекшісі ретінде Сұлтан Қожықов болып бекітіледі. Болашақ кино режиссердың кинодағы бұл алғашқы қадамы еді. Басты рөлдерде: Л. Әбдікәрімов, К. Қожабеков, М. Сүртібаев ойнады.

"Алматы" студиясының құрамы ұлттық режиссерлармен толықты: Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Шәріп Бейсембаев секілді тұлғалар қазақ режиссурасының негізін қалаушылар болып есептеледі. 

1950-60 жылдары жарық көрген басқа да фильмдер:

"Бұл Шұғылада болған еді" / "Это было в Шугле" (1955 ж., реж: Мәжит Бегалин)

"Ана мен бала" / "Мать и сын" (1955 ж., реж: Сұлтан Қожықов)

"Дала қызы" / "Дочь степей" (1954 ж., реж.: Шәкен АймановКарл Гаккель)

"Ботагөз" (1957 ж., реж.: Ефим Арон)

"Оның уақыты келеді" / "Его время придет" (1957 ж., реж.: Мәжит Бегалин)

"Біз Жетісуданбыз" / "Мы из Семиречья" ( 1958 ж., реж.: Сұлтан Қожықов)

"Мазасыз көктем" / "Беспокойная весна" (1956 ж., реж.: А. Медведкин)

"Ертістің асау жағалауында" / "На диком бреге Иртыша" (1959 ж., реж.: Ефим Арон)

"Ана туралы аңыз" / "Сказ о матери" (1963 ж., реж.: А. Карпов)

"Тұлпардың ізі" / "Следы уходят за горизонт" (1964 ж., реж.: Мәжит Бегалин)

"Қилы кезең" / "Тревожное утро" (1966 ж., реж.: Абдолла Қарсақбаев)

Тұтасымен алып қарағанда, елуінші-алпысыншы жылдар тұсындағы көркем фильмдер өндірісін жалпы ұлттық кино өнерінің режиссура тұрғысынан қалыптасып,ө зіндік бағыты байқалған құбылыс кезеңі деп бағалауға болады.

 

Малик Журчубаев

Пікірлер