• Біздің парақшалар:

Киноға дейінгі Шәкен Айманов

Ш. Айманов

Қазақ кинематографиясы жайлы сөз қозғалғанда еске ең алғаш атақты режиссер Шәкен Айманов есімі ойға келеді. Өйткені Айманов ұлттық киномыздың тұңғыш режиссері, сонымен қатар театр, кино актері. Қазақ киносы осы тұлғаның есімімен тығыз байланысты.

Қазақ киносының негізін қалаған режиссер 1914 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында өмірге келді. Ауыл мектебін бітіріп, Семей педагогикалық техникумына оқуға түскен. Жас талант иесі оқу табалдырығында жүріп әншілігімен, актерлік қабілетімен таныла бастайды. Семей театр сахнасында «Еңлік-Кебек», «Сарыарқа» пьесаларынан үзінділер қойып, халықтың әндері мен күйлерін орындады.

Бірде концерттен кейін қазақ драма театрының құрамын толықтыру үшін еліміздің әр өңірлерінен талантты жастарды іздеп шыққан комиссия мүшелері Шәкенді театрға қызмет етуге шақырады. Сөйтіп, 19 жасар жас Шәкен Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрына жұмысқа қабылданады. Болашақ режиссер театр жолына осылай келеді. Уақыт өте келе дарын иесі  театр режиссері болып та қызмет атқарады. Дегенмен Айманов тамаша театр актері де еді. 

Ш. Айманов Отелло рөлінде

Ол жиырма жыл ішінде жүзден астам рөлдерді сомдады. Актер тек төл туындаларымызда ғана емес, орыс және әлем драматургтерінің айтулы пьесаларында көптеген рөлдерді ойнай білді. Солардың ішінен Н. Погодиннің «Мылтықты адам» пьесасындағы Шадриннің, Гогольдің «Ревизорындағы» Хлестаковтың, Шекспирдің «Асауға - тұсауындағы» Петруччионың және «Отеллодағы» Отеллоның бейнесін айтуға болады. Шәкеннің актерлігі жайлы сөз еткенде, оның сахналық дарынының сан қырымен жарқырап көрінгенін атап өтпей болмайды. Ол қаһармандық, драмалық, комедиялық, трагедиялық шығармаларда бірдей ойнап, әр қилы амплуадағы рөлдерді кәсіпқой шеберлікпен мүсіндей білді.

Шәкен Айманов театрда режиссерлық қызмет атқара жүріп, Ә. Әбішевтің «Достық пен махаббат», А. Штейннің «Ар заңы»,  А. Корнейчуктың «Бүргенді торғай», А. Островскийдің «Таланттар мен табынушылар», Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері», Н. Погодиннің «Мылтықты адам» пьесаларын сәтті қоя білді. Сонымен бірге, ол М. Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша инсценировка жасады.

Шәкен Айманов кино саласына келмес бұрын көптеген сынақтардын өтті. Табиғатынан дарынды тұлға кино саласында кәсіби білімі болмағанымен, кино түсіруге өзінің талантының арқасында қол жеткізді. Ол кәсіби білімді жанындағы табиғаттан, театр өнерінен ала білді.

 

Малик Журчубаев

Пікірлер