• Біздің парақшалар:

Шәкен Аймановтың кинодағы еңбегі #1

Шәкен Айманов кино саласындағы алғашқы жұмыстарын киноактер ретінде бастайды. Театр қабырғасында жүріп көптеген орыс режиссерлар қойған фильмдерге түседі. Ол сонау 1938 жылы шыққан «Амангелді», одан кейінгі 1940 жылғы шыққан «Райхан» фильмдерінде (эпизодта) ойнаған. Бұл рөл Шәкеннің кинодағы алғашқы рөлі болатын. Одан кейін де бірқатар фильмдерге қатысады. Оның алғашқы және көлемді, салмақты рөлі «Ақ гүл» («Белая роза») қысқаметражды фильміндегі Жапар рөлі болды.

«Абай әндері» фильмінен кадр

Соғыс аяқталғаннан кейін Алматы қаласында республикалық «Алматы» киностудиясы құрылған болатын. Осы дербес киностудияның алғашқы туындысы болып есептелінетін «Абай әндері» («Песни Абая») фильмінде Айманов Шәріп бейнесін сомдайды. Осы жобада актер кейіпкер бейнесін жоғары деңгейде ойнап шығады. Әсіресе кейіпкер мінезін тереңдете ашқан. Оның бойындағы актерлық дарыны ұлттық киномыздың қалыптасуына өз үлесін тигізбей қоймады.

Бұдан кейін Шәкен Айманов «Алтын мүйіз» («Золотой рог»; 1948) фильмінде жас ғалым Жақан Досанов бейнесін сомдайды.

"Жамбыл" фильмінен кадр

Актер бейнелеген ең көлемді рөлі «Жамбыл» фильміндегі атақты ақын Жамбыл бейнесі болды. Бұл жұмысында актер ақынның тек сыртқы портретін көрсетіп қоймай, ішкі жан дүниесін тебірене, нанымды етіп ойнады. Тіпті оның бұл жұмысы туралы «Известия» газетінде мақала жарық көрді. Ондай былай делінген: ««Жамбыл» фильмі жөнінде айтқанда ең алдымен басты рөлді сомдаушы  Шәкен Айманов табысын атап өту жөн. Өзінің қалтықсыз және шыншыл ойынымен ол көрермендерді баурап алып, экрандағы адамның актер екенін ұмыттырып жібереді. Біз Қазақстанның жалынды халық жыршысы Жамбылдың тура өзін көргендей боламыз» («Известия», 30-шы мамыр, 1953 жыл). Осы мақала барысында, аталмыш фильм шырқын, актер рөлінің шынайылығының арқасында ашылғанына көзіміз жететіні күмәнсіз. Расында Жамбыл бейнесін Шәкен жан жүрегімен ойнаған. Ақынның сырға толы ішкі жан дүниесін, тереңге тоғысқан мінезін, Отанға деген махаббатын жоғарғы дәрежеде көрсете білді.

"Махаббат туралы аңыз" фильмінің постері

1954 жыл. Бұл жылы Шәкеннің тұңғыш фильмі экранға шығады. Бұл туынды ұлттық режисура саласындағы алғашқы жұмыс ретінде қазақ киносының тарихында ерекше орын алды. Режиссер  Айманов «Махаббат туралы аңыз» («Поэма о любви») деп аталатын алғашқы фильмін К. Гаккелмен бірлесіп түсірді. Сценарийін жазған қазақ прозасының классигі Ғабит Мүсірепов. Кинокартина Қозы көрпеш Баян сұлу лирикалық шығармасының желісімен түсірілді. Жастардың  баянсыз махаббаты, тауқыметке толы тағдыр қаталдығы фильмнің басты тақырыбы ретінде қарастырылды. Драматургиялық жұмыстың әлсіздігі, режиссуралық шешімнің шикілігі фильмнің сәтсіз шығуына әсер етті. Фильмде оқиғалар, сонымен қатар, кейіпкерлер мінезі мен диалогтар кино заңына сәйкес келмегендіктен көркемдік деңгейі солғын болды. Фильмде Қ. Қуанышбаев, Ш. Жандарбекова, С. Қожамқұлов, С. Майқанова, Н. Жантөрин сынды сахна саңлақтары түрлі кейіпкерлерді сомдады.

«Дала қызы» фильмінің постері

Дәл осы жылы Шәкен Айманов сонымен қатар «Дала қызы»Дочь степей») атты фильмін К. Геккелмен бірлесіп экранға шығарады. Бұл фильм Кеңес үкіметінің жаңадан орнауы, жаңа қоғамға қазақ әйелінің бетбұрысы жайлы жайттар қозғалады. Басты рөлді Зәмзәгүл Шәріпова сомдады. Сонымен қатар Қапан Бадыров, Бибігүл Төлегенова, Шара Жиенұлова, Нұрмұқан Жантөрин, Елубай Өмірзақов секілді әртістер фильмнің актерлық құрамын толықтырған. Фильмнің бас операторы Михаил Аранышев, композиторлық жұмысын Евгений Брусиловский атқарған. Айта кететіні Михаил Аранышев «Махаббат туралы аңыз» фильмінің операторы болған.

«Біз осында тұрамыз» фильмінен кадр

«Біз осында тұрамыз» («Мы здесь живем»; 1956) драмасын режиссер Матвей Володарскиймен бірігіп түсірді. Аталмыш фильм тың игеру тақырыбына негізділген. Операторы Марк Беркович болса, композиторлар Мұқан Төлебаев пен Александр Зацепин әуенмен әрледі. Актерлық құрамды Шахан Мусин, Зәмзәгүл Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Сейфолла Телғараев, Сәбира Майқанова, Лола Абдукаримова (т.б) сынды талантты актерлар толықтырды. Шәкен Аймановтың өзі де фильмде бас кейіпкерлердің бірін сомдаған. Бұл фильмді қалың бұқара жақсы қабыл алды. 1958 жылы шілде айында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық кинофестивальда тың игеру жөніндегі еліміздің киностудиялары шығарған фильмдер ішіндегі ең үздік фильм атанды. Бұл Айманов еңбегінің ең алғаш жақсыға бағаланған жұмысы болатын. 

«Біздің сүйікті дәрігер» фильмінің постері

Режиссердың ең алғашқы жеке түсірген фильмі «Біздің сүйікті дәрігер»Наш милый доктор»; 1957) картинасы. Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» фильмін музыкалық комедия жанрына жатқызуға болады. Өйткені фильмде оқиғалармен қатар әсем әуен қолданылған. Бұл фильмді көріп қазақ кино тарихында жаңа жанр туылғанын аңғарамыз. Яғни режиссер бұрын түсірген фильмдері көркем драмаға жақын болған. Ал осы фильмін мюзикл жанрында түсірді. Жоғарғы көңіл күй, мейірімді адамдар, салмақты әзілдер фильмнің сюжетінің ажарын аша түскен. Фильмге сценарийді Яков Зискинд жазса, операторы Марк Беркович болды. Ал фильмнің копозиторы атақты сазгер Александр Зацепин болып бекітілді. Актерлерлік құрамда Юрий Померанцев, Роза Исмаилова, Евгений Диордиев, Ермек Серкебаев, Мүлік Суртубаев, Валентина Старжинская, Шакен Айманов, Лидия Ашрапова, Ришат Абдуллин, Мұрат Абдуллин, Хадиша Бөкеева, ШараЖиенқуловаСерке (Сералы) ҚожамқұловРахия Қойшыбаева, Кәукен КенжетаевБибігүл Төлегенова секілді әртістер болды. Аталмыш фильмнен режиссер Шәкен Аймановтың өзінің шығармашылық жолының шыңына шыққанын аңғарамыз. Өйткені фильм шыққан сәтте жоғары бағаланғанын ерекше айтып кеткен жөн. Жаңа бағыт, жаңа бейнелер фильмді, режиссерді сәтті қадамдарға жетелеген.

Жалғасы бар...

 

Малик Журчубаев

Пікірлер