• Біздің парақшалар:

Мәжит Бегалин киноға келмес бұрын

Мәжит Бегалин

Қазақ кино өнерінің алпауыт режиссерінің бірі - Мәжит Бегалин. Ұлттық киномыздың қалыптасуына, дамуына қосқан үлесі зор.

Мәжит Бегалин 1922 жылы Семей облысы Абралы ауданында дүниеге келген. Қазақтың белгілі  жазушысы Сапарғали Бегалиннің ұлы, режиссер кішкентайынан өнерге бейімділігімен, зеректігімен ерекшеленетін. Қазақ кинематографиясын кәсіби деңгейге көтерілуіне Мәжиттің еңбегі орасан. Ол жаңа бағыттың пайда болуына ат салысты. Режиссер Ұлы Отан соғысы тақырыбында алғаш болып қазақша фильмдерді дүниеге әкелді.

1929 - 1930 жылдары Бегалиндер отбасы Алматыға көшіп келеді. Мәжит өзінің ағасы Хамитпен бірге Некрасов атындағы мектепке қабылданып, кейінен нөмірі отыз алтыншы мектепке ауысады. Мектеп қабырғасында жүріп көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысына белсене араласа жүріп, өзінің домбыра ойнауымен көпті таңқалдырады.

Болашақ режиссер тек өнерге ғана емес спортқа да бейім болатын. Футбол, хоккей, жеңіл атлетика, т.б спорт түрлеріне қызығатын. Сонымен қатар мектепте болып жатқан жаңалықтардың бәріне араласып тұрды.

Өзінің еңбекқорлығымен жан-жанындағы адамдардың мақтауын, батасын алып тұратын. Осындай мінезінің арқасында Мәжит Бегалин өзінің саласында биік белесін бағындырды.

1940 жылы 9 жылдық мектепті бітіріп, Тау-кен институтының дайындық курсына оқуға түседі.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, Мәжит Новочерксскідегі соғыс училищесіне оқуға аттанады. 1942 жылы бітіріп, кіші лейтенант деген атқа ие болып, Алматыда құрылған 100-ші бригада құрамында Великие Лукиге майданға аттанады. Соғыста жүріп, ол ауыр жарақат алады. Госпитальда көп емделеді, алайда алған жарақаты болашақ режиссерды мүгедек жағдайға алып келеді. Бір қолынан айырылып, туған жерге оралады.

Сол жылдары Мәскеудегі «Мосфильм» киностудиясы, одан басқа студялар қазақ жеріне шоғырланған болатын. Мәжит Бегалин осындай жаңалықтардан шет қалмады. Ол өз өмірін кино саласының арнауды мақсат етті.

Жалғасы бар...

 

Малик Журчибаев

Пікірлер