• Біздің парақшалар:

Мәжит Бегалиннің алғашқы режиссерлік жұмысы

Мәжит Бегалин соғыстан бір қолынан айрылып елге оралады. Туған жерге келіп, кинорежиссер атанып, үздік фильмдерді түсіруді армандайды. Ол өз арманына жету үшін аянбай тер төгеді. 1943 жылы ВГИК–ке тапсырып оқуға туседі. Аталмыш оқу орнына түспес бұрын Мәжит өзінің әкесі Сапарғали Бегалинмен ақылдасады, көп ойланады. ВГИК–ке түсуі оның арманына бір қадам жақындағанының белгісі еді...

«Молодая гвардия» фильмінің постері

Мәжит Бегалин оқу орнында Сергей Герасимовтың шеберханасынан білім алады. Оқып жүріп Герасимовтың ассистенті болып, «Жас гвардия» («Молодая гвардия») фильмін түсіруге көмектеседі. Онымен қоса, Чаурелидің «Берлиннің күйреуі», Дзиганның «Жамбыл» атты фильмдерде көмекші болып жұмыс атқарады, шағын рөлдерді сомдайды. Орыс кинематографистерінен көптеген тәжірбие жинақтайды, өзіне керек дүниелерді үйренеді. Оқу қабырғасында жүріп Мәжит Бегалин  Бондарчук, Чухрай, Шукшин секілді алпауыт режиссерлармен дос болады.

ВГИК-та жүріп қазақ режиссері өзінің болашақ жары Олесяны кездестіреді. Бірінші курсында-ақ өз сүйіктісімен отау құрады. Режиссер жары да аталмыш институттың түлегі, яғни актриса болатын.

«Жамбыл» фильмінің постері

1947 жылы ВГИК-ті бітіргеннен кейін, оның режиссерлық жұмысы басталады. 1950 жылы «Қазақфильмге» жұмысқа орналасады. Осы уақыттары режиссер өз саласының қыр сырына қанық болады. 1952 жылы Е. Дзиган «Жамбыл» фильмін экрандайды. Аталмыш фильмге Мәжит Бегалин екінші режиссер қызметін атқарып, екі жыл киностудияның көркемдік жетекші қызметінде болады.

Ал оның дебюттық жұмысы 1953 жылы шыққан «Бұл Шұғылада болған еді...» («Это было в Шугле») атты фильмі болды. Алғашқы жұмысы болғандықтан фильм режиссерге шығармашылық тұрғыдан қанағаттанарлық сезім әкеле қоймады. Кинокартинаға жазушы-драматург Ә.Тәжібаев сценарий жазады. Фильмнің қоюшы суретшісі Құлахмет Қожықов болды. Ыдырыс Ноғайбаев, Кененбай ҚожабековСерке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Шахан Мусин сынды актерлар түрлі кейіпкерлерді сомдаған.

«Его время придет» фильмінен кадр

Режиссер Мәжит Бегалин институт қабырғасында жүргенде Шоқан Уәлиханов туралы фильм түсіруді көп армандады. Арманын жүзеге асыру мақсатында талай ізденіп тер төкті. Бұл арманына әкесі Сапарғали Бегалиннің ықпалы мол болатын. Өйткені жазушы Шоқан өмірі мен ғылыми жолын тыңғылықты зерделеп, зерттеген. Әке жұмысын, ендігі жерде режиссер, кино тілінде сөйлетуді, бейнесін көрсетуді өзіне мақсат тұтты. Сөйтіп 1957 жылы «Оның уақыты келеді» («Его время придет») атты биографиялық фильмді дүниеге әкеледі. Фильм төңірегінде айтылған оңтайлы пікірлер кинокартинаның сәтті шыққанын аңғартса керек. Ғалымның сырға толы портретін, асқақ арманын фильм барысында аңғару қиын емес. Шебер актер Нұрмұхан Жантөрин ғалым Шоқан бейнесін шынайлықпен көрсете білді.

Жалғасы бар...

 

Малик Журчибаев

Пікірлер