• Біздің парақшалар:

Асанәлі Әшімовтың әзілдері

Фото: 1tv.kz

         Бір отырыста ішіп алған жұрт анау-мынауды айтып отырып алыпты. Сонда Асанәлі даусын шығарыңқырап: «Данышпан Маркс айтқан екен...» – дейді. Жұрт не депті дегендей елеңдеп қарап қалады. Сол кезде Асанәлі: «Данышпан Макс кез келген отырыс түптің түбінде әйтеуір бір тарқайды депті», – деген екен.

 

          Бірде Мәдениет министрлігінде істейтін Кәдірбек Уәлиевтің бөлмесіне Асанәлі кіріп келсе, ол: «Әй, сақал, неге есікті қақпай кіресің?» – дейді. Сонда Асанәлі: «Е, ол не тәртіп есікті қағып кіретін, сен дәретте отыр ме едің?» – деген екен. 

 

         Бір үйдің кітап сөресіне Махамбеттің, Абайдың, Олжас Сүлейменовтің суреттері қойылса керек. Мұны көрген Асанәлі: «Қазақ халқының басынан өткен орыс экспансиясының нәтижесін танытатын көрнекі құрал сияқты екен», – депті. 

 

         Бірде Қазақстанның бас молласы Рәтбек қажы Нысанбайұлы Асанәлі Әшімовпен кездесіп қалады да, даусын мақамдай созып:

         – Ассалаумағаләкем, Асеке! – деп қол береді. Сонда Рәтбек қажының қолын алған Асанәлі:

         – Молла бол, шырағым! – деген екен. 

 

         Бірде Асекең Ілия Жақановтың саяжайына барады. Ілекең кетерінде оның сөмкесіне толтырып алма салып береді де, анадай жерде жатқан жемісті көрсетіп: «Бізде алмұрт та бар», – дей салады. Сонда Асекең:

–       Оу, біздің үй грушасыз отыр ғой! – деген екен. 

         Бірде Әзекең (Мәмбетов) Асанәлі Әшімовке: «Сенің қызып ішкеніңді көрмеппін», – депті.

         – Қайдан көресіз, бұл жағынан да алдымызды орап, жол бермейсіз. Ылғи да озып үйренгесіз, – деп қарқылдай күліпті.

 

         «Мен халқым үшін ашық парақпын» кітабынан

Жинастырған Медет Жансанов

Пікірлер