• Біздің парақшалар:

Қазақ киносы қалай пайда болды?

Иллюстрация: Кеңестік болашақ киномеханиктер тәжірибе кезінде / фото: bse.sci-lib.com

Әлемдік кино өнері тарихымен салыстырғанда қазақ жерінде кино өндірісі кешеуілдеп дамыды. 1920 жылдарға дейін Қазақстан өңірінде кино өндірісі әлі қалыптаса қоймады. Себебі қазақ кино мамандары әлі қалыптаспаған болатын. Сондықтан сол кезеңде басты міндет - қазақ жерінде кино өнерін кеңінен насихаттау болатын.

Осыдан кейін киноны даму жолына қою маңызды болды. Ең алғашқы киносеанс 1910 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында ұйымдастырылды. Рас, ірі кәсіпкерлер киносеанстарды табыс көру мақсатымен қойды. Алайда бұлар қазақ киносының кірпішін қалады. Ол кәсіпкерлер: Фабри мен ташкенттік Сейфуллин болатын. Олар киноны қою кезінде филмьнің көркемдік деңгейін ескермеді.

1919 жылы 19 тамызда Халықаралық Комиссарлар Кеңесінің "Фотографиялық және кинематографиялық сауда мен киноөндіріс орындарын мемлекеттендіру" жөніндегі Декреті қабылданды. 1921 жылдың қазанында Бүкілодақтық Фотокино өндірісінің Қазақстандағы бөлімі құрылды. Олар облыс орталықтарына кино қондырғылар жүйесін құру, жылжымалы киноқондырғылар жүйесін ұйымдастыру секілді жұмыстарды міндет етіп қойды. Осының нәтижесінде біраз жұмыстар өз жемісін берді. Атап айтсақ 1924 жылдың соңына қарай 44 кинобірлестіктер жұмыс істей бастады. Соның ішінде Алматыда (округ бойынша) - 10 , Ақмола бойынша -9, Орал округі бойынша - 15 және бірқатар қалаларда бірден-екіден кинотеатрлар іске қосылды. Осыдан бастап киноқондырғылар саны қазақ жерінде өсе бастады. Сондықтан мамандардың қажеттілігі туындайды.

Қазақстанның ірі қалаларында киномеханиктер, техниктер, киноинженерлер, кинофикация жүйесіне мамандар даярлайтын қысқамерзімдік курстар ашыла бастайды. Осындай курсттардың бірі Қызылорда қаласында ашылды. Осы курстың алғашқы түлектері киноқондырғылардың жұмысын меңгеріп, шалғай ауылдарға сапар шегеді. Осыдан бастап ауылды кино өнерімен таныстыру кеңінен етек ала бастады. Алайда көрсетілген фильмнің көркемдік деңгейі өте төмен болды. Дегенмен хат танымайтын қазақтар үшін киноның көмегі зор еді. Ол кездегі фильмдер тек кеңестік жүйенің насихаттауының тамаша құралы болды. Киносеанс алдында фильмнің маңыздылығын арнайы мамандар халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырды.

Хронология:

- 1910 жылы Алматыда алғашқы киносеанс ұйымдастырылды

- 1921 жылы арнайы кинопрокат конторы құрылды

- 1924 жылы Қазақстанда 44 кинобірлестіктер жұмыс жасай бастады

- 1927 жылғы есеп бойынша Қазақстанда қалалық прокат жүйесіне 21 кинотеатр, 30 клубтық киноқондырғылар болса, ауылдық прокат жүйесінде 41 жылжымалы киноқондырғылар мен 39 стационар кинотеатрлар көрерменге қызмет көрсетті

- 1928 жылы Республикада енді ғана аяққа тұрып келе жатқан кинофикация органдардың қызметіне жұмысшы комитетің қолдауымен "Совет киносының достары" (ОДСК - общество друзей советского кино) атты қоғамдық үйірме құрылды. Қазақстандағы аймақтық ОДСК жетекшісі қызметіне Нығмет Нұрмақов тағайындалды. Қоғамның басты міндеті - қалалық жерлердегі кино үйірмелерінің жұмысын жолға қою болды.

Есіңізде жүрсін: Ұлттық кадр ретінде кәсіби білім алған Қызылордада киномеханиктер курсының алғашқы түлектерінің бірі - Садуақас Қаддиев. Ол астындағы жылжымалы киноқондырғысымен ауылдарда аралап, кино өнерін насихаттады. Ол туралы Бейімбет Майлин "Еңбекші қазақ" газетінің 1930 жылғы 20 қарашадағы санында былый деп жазды: "Садуақас Қаддиев өз ісінің шебері, ол үнемі жол үстінде. Оның жылжымалы қондырғысы күн демей, түн демей, дамыл көрместен, Марқакөл және Бесқарағай аудандарындағы ауылдарды түгел аралап шықты. Ол тек фильм көрсетіп қоймай, әр сеанс алдында кино жайында үгіт-насихат жүргізеді, жергілікті халықты өнердің жаңа түріне қызықтыруға тырысады".

 

Малик Журчубаев

Пікірлер