• Біздің парақшалар:

Қазақ киносының актерлік мектебі #1

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан кейін әлемде кино өнері қарқын алып, жедел даму жолына түсті. Жаңадан жаңалықтар енді. Мылқау киноға енді дыбыс қолданыла бастады.

Осы уақыттары қазақ киносы енді ғана даму жолына түскен еді. Бұл үрдіс театр өнерімен байланысты болды. Себебі Қазақстан тақырыбындағы алғашқы көркем фильмге қазақ актерлары түбегейлі театрдан келді.

Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан БадыровӘмина Өмірзақова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек БайсейітовШәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова секілді әртістердің кинодағы рөлдерінен қазақтың ұлттық актерлық кино тарихы бастау алады.

Серке (Серәлі) Қожамқұлов (05.05.1896 - 31.12.1979) - театр және кино актері.

Қазақ ССР-ның Халық әртісі (1936).

КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері (1952).

Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Социолистік Еңбек Ері (1976).

Қостанай облысы Қарабалық ауданында дүниеге келген. Троицк қаласында медреседе оқиды. Азамат соғысы жылдарында Әліби Жангелдин отрядында әскери борышын өтейді.

1922 жылы ең алғаш, Орынбор қаласындағы әуесқой театрда "Еңлік Кебек" спекталінде актерлық жұмысын бастайды. Одан кейін Қызылорда қаласында ашылған әуесқой театрдың негізін қалаушыларының бірі болады (1926).

Ол кинодағы алғашқы жұмысын 1930 жылы шыққан "Дала әндері" фильмінен бастайды. Картинада ол батрақ бейнесін сомдайды. 1938 жылы "Амангелді" фильмі шығады. Аталмыш фильмде актер, ұста Бекет бейнесін сомдайды. Осы жұмысы сол кездегі көреремендердің жоғарғы бағасын алды. Ерекшелігі, Серке Қожамқұлов Бекет образын тереңірек ашуға тырысқан. Кейіпкер мінезін өз деңгейінде көрсетіп бере алды.

1940-45 жылдар тұсында Серке Қожамқұлов бірқатар фильмдерге қатысады: "Райхан" (1940 "Ленфильм"), "Ақ гүл" (1943 ж., ЦОКС), "Абай әндері"(1945 ж., "Алматы киностудиясы"). Серке Қожамқұлов өзінің табиғи дарынымен ерекшеленіп тұрды. Әсіресе күлкі тудыртатын образымен көрермен есіне сақталды.

Қалибек Қуанышбаев (1893 - 1968 ж.), актер, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі.

КСРО халық әртісі (1959 ж.),

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1952 ж.).

1922-25 ж. Қоянды жәрмеңкесі думаншылары ұйымдастырған ойын-сауыққа қатысып, өнер көрсетті. 1926 ж. Қызылордада қазақ драма театрын құруға қатысушылардың бірі болды. 1927 ж. Мәскеудегі этнографиялық концертке қатысты.

Көркем фильмдерде актер жасаған басты тұлғалар өздерінің мінез ерекшеліктерімен есте қаларлықтай болып шықты. Байбол ("Амангелді" фильмінде, 1938ж.), Абай ( "Абай әндері", 1945 ж.), Берғалиев ( "Алтын  мүйіз", 1948 ж.), Жарқын ( "Махаббат туралы аңыз", 1954 ж.), Шыңғыс ("Оның уақыты келеді (Шоқан Уәлиханов)", 1957 ж.).

Хәкім Дәулетбеков (22.03.1910 - 11.01.1983) - киноактер, кинорежиссер. "Мосфильмде" штатта еңбек еткен тұңғыш қазақ актер. Қазақстан тақырыбына түсірілген алғашқы фильмдердің басым көпшілігінде Хәкім Дәулетбеков ойнаған.

Қазақстан өңіріне еңбегі сіңген қайраткер (1958).

Қазақстан кинематографистер Одағының мүшесі.

Туған жері - Ақмола облысының Қорғалжын ауданы. Ол "Жұт", "Қаратау құпиясы" фильмдеріне түседі. 1935 жылы "Мосфильм" киностудиясында О. Преображенская мен И. Правов "Жау сүрлеуі" атты фильмді экранға шығарады. Бұл фильмде актер малшы Абылайдың рөлін сомдайды.

"Востоккино" тресі жабылғаннан кейін Хәкім Дәулетбеков "Мосфильмге" жұмысқа ауысады. Мұнда ол көбінесе эпизодтық рөлдерді орындайды. Осы уақыттары актер М. Горький атындағы әдебиет институтының драматургия бөліміне оқуға түсіп, 1940 жылы бітіріп шығады.

Актер Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1946 жылы соғыстан келіп, деректі кино режиссеры болып жұмыс атқарады. Осы салада ол көптеген ғылыми көпшілікті фильмдерді дүниеге әкеледі. Оның аса көп танылған фильмдері: "Народный учитель" (1952), "Лимонное орошение в Казахстане" (1956), т.б..

 

Жалғасы бар...

 

Малик Журчубаев

Пікірлер