• Біздің парақшалар:

Қазақ киносының актерлік мектебі #2

Қазақтың ұлттық актерлық кино тарихы туралы мақаланың екінші бөлімі. Біріншісі - алдыңғы жазбада.

Елубай Өмірзақов

Елубай Өмірзақов (31.01.1899 - 02.04.1974) кинодағы шығармашылық жолын бірден көлемді рөлдерден бастайды. Ол - театр және кино актері, ұлттық кәсіпқой театр өнерінің негізін қалаушылырдың бірі, Қазақ АССР-ның Халық артисті (1931). КСРО Мемелкеттік сыйлығының иегері (1952). Туған жері Қостанай облысы.

1938 жылы экранға шыққан "Амангелді" фильміндегі басты рөлі актердың шығармашылығының үлкен жеңістерінің бірі болып есептелінеді. Фильмдегі Амангелді бейнесі актер сомдауында фильм барысында үнемі даму сатысынан өтіп отырады.

Елубай Өмірзақов - өте талантты актер. Өз заманында көрермен арасында үлкен бағаға лайық болды. Амангелді фильмі тоталитарлы фильмге жатса да, актер бойына барынша қазақи мінезді көрсетуге тырысқан. Оның мінезі ғана емес, сонымен қатар бет әлпеті мен тұлғасы батыр бейнесіне сәйкес келді.

Елубай Өмірзақов "Атамекен" фильмінде

Елубай Өмірзақов Амангелдіден бөлек: "Райхан", "Абай әндері", "Алтын мүйіс", "Дала қызы", "Алдаркөсе", "Атамекен" сынды фильмдерде ойнайды. Осы фильмдердің баршасында актер жұмысы жоғары деңгейде болды. Аталмыш актердің ойыны "Атамекен" фильміне әр берді. Осы фильм өз шығармашылығындағы көркем ойнаған әрі, талантының биік шыңына жеткенін дәлелдесе керек. Себебі "Атамекен" фильмінің көркем шығуы актерға байланысты болып шықты. Қазақ қариясының бейнесін Елекең барынша ашып кетті. Фильмде қария ертеден келе жатқан ескі жолды сақтаушы, ұмыт бола бастаған дәстүрді болашаққа жеткізуші маңызды фактор іспеттес болды.

Қанабек Байсейітов

Қанабек Байсейітов (15.03.1905 - 10.03.1979) театр және кино актері. Қазақ КСР-ның Халық әртісі (1936). КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері (1967). Талдықорған облысы Қаратал ауданында туылған. Қаныбек Байсейітов ұлттық театр өнерінің негізін қалаушыларының бірі. Ол театр сахнасында ойнап қана қоймай, режиссерлық жұмыспен де айналысты. Актер кинодағы шығармашылық жолын "Амангелді" фильмінен бастайды. Актер сомдаған Жапар бейнесі фильмдегі бас кейіпкерлер мен эпизодтық рөлдер арасындағы характерлік үйлесімділікті қамтамасыз етіп тұр.

Қанабек Байсейітов "Шабандоз қыз" (Девушка-Джигит) фильмінде

Қанабек Байсейітовтің, әсіресе, 1955 жылы экранға шыққан "Шабандоз қыз" (Девушка-Джигит) комедиялық фильміндегі Жұрқа рөлі бір адам бойындағы қарама-қайшылық қасиеттерімен-ақ көрермендер есінде жатталып қалды. Одан бөлек актер: "Ботагөз", "Шыңдағы шынар", "Алты жасар Алпамыс" секілді фильмдерде үлкен шеберлікпен ойнады.

Қапан Бадыров "Еңлікгүл шешек атқанда" (Там, где цветут эдельвейсы) фильмінде

Қапан Бадыров (21.09.1904 - 10.06.2000) - талантты актер, Қазақ ССР-ның халық әртісі (1942). Туған жері - Қостанай облысы, Комсомол ауданы, Табын ауылы. Қазақтың кәсіпқой театр өнерінің байырғы саңлақтарының бірі. Актер 1925 жылы тұңғыш ұйымдастырылған Қазақ драма театрының труппасына қабылданады. Көптеген пьесаларда ойнаған. Ойнап қана қоймай режиссерлықпен де айналысты. 1939 жылдан бастап киноға түсе бастайды. Кинодағы бастапқы рөлі "Амангелді" фильміндегі Қаратай рөлі өзіндік ерекшелігімен көріне алды. Қапан Бадыровтың күрделі экрандық   образдары көрермендерге актер сомдаған Айдар ("Абай әндері"), Көреген ("Алыптың әні"), Жүнісов ("Еңлікгүл шешек атқанда"), Сәрсен ("Өмір жолы") рөлдері арқылы танылды.

Жалғасы бар...

 

Малик Журчубаев

Пікірлер