• Біздің парақшалар:

Қазақ киносының актерлік мектебі #3

Қазақтың ұлттық актерлық кино тарихына арналған материалдар сериясының соңғы бөлімін ұсынамыз.

 Қазақ КСР-ның Халық әртісі Әмина Өмірзақова (08.03.1919 - 26.09.2006) - өнер сүйер қауымның ыстық ілтипатына бөленген қазақ киносының алғашқы экран жұлдыздарының бірі.

 646ce13e3569d2147afd91aacf9e35eb Әмина Өмірзақова

Өмірзақова Әмина Ерғожақызы 1919 жылы 8 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. 1938 жылы Ленинградтың мемлекеттік сахна өнері техникумын, кейіннен театр, музыка және кинематография институтын бітірді. Жас Әминаның кинодағы алғашқы эпизодтық рөлі С. Герасимовтың "Комсомольск" фильміндегі (1938) пионер қыздың рөлі болды. Бұдан кейін де талантты актриса Моисей Левиннің "Амангелді", Ефим Аронның "Ақ гүл" фильмдеріндегі эпизодттық рөлдерді сомдайды.

"Ана туралы аңыз" фильмінен кадр

1942 -1949 жылдар тұсында "Қазақфильм" киностудиясында қызмет атқарады. 1945 жылы экранға шыққан "Абай әндері" фильміндегі Ажардың рөлі Әмина Өмірзақованың кинодағы тұңғыш көлемді рөлі болды. Бұдан кейін ол 1956 жылы "Қанатты сыйлық" фильмінде - мұғалима, 1960 ж. "Бір ауданда" фильмінде Айша рөлдерін сомдайды. Қазақ киносының тарихында Әмина Өмірзақованың сомдауындағы аса терең ашылған экрандық бейнелердің бірі - "Ана туралы аңыз" (“Сказ о матери”) (1963) фильміндегі ананың рөлі. Осы жұмысы үшін актриса 1964 жылы Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша өткен жарыс байқауының 1-ші сыйлығының иегері болды.

Хадиша Бөкеева "Біздің сүйікті дәрігер" ("Наш милый доктор") фильмінде

Хадиша Бөкеева (21.02.1917 - 31.01.2011) - Батыс Қазақстан облысында дүнйеге келген. КСРО Халық әртісі (1964). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1952). КСРО Кинематографистер Одағының мүшесі (1963 ).

Ленинградтың Театр институтын В. Меркурьев және И. Мейерхольд шеберханасы бойынша бітірген (1938). Шығармашылық жолын Шымкент театрынан бастайды. Одан кейін М.Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрында қызмет атқарады. 1940-жылдар кезеңінен бастап Хадиша Бөкеева киноға түсе бастайды. Оның ең алғашқы эклрандағы рөлі - Мұхтар Әуезов сценарийі бойынша түсірілген "Райхан" (1940 ж "Ленфильм", реж: М.Левин) фильміндегі Райхан рөлі. Онымен қоса актриса Мәжит Бегалиннің "Тұлпардың ізі" (1934) фильмінде ана бейнесін шебер сомдап шығады. Осы фильмдегі ана рөлі ұлттық кино өнеріміздегі аса күрделі және терең ашылған образдарының бірі болып есептелінеді.

Кәукен Кенжетаев

Кәукен Кенжетаев (25.02.1916 - 15.03.2008) - театр және кино актері. Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ Мемелекеттік Консерваториясын бітірген (1950). Ш. Айтматов атындағы Халықаралық жүлденің иегері, Кинематографистер одағының мүшесі (1976), Қазақ КСР Халық әртісі (1959). Т. Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының профессоры. 

Кәукен Кенжетаев "Біздің сүйікті дәрігер" ("Наш милый доктор") фильмінде

Кәукен Кенжетаевтің шығармашылық жолы (кинодағы) 50 -ші жылдар тұсында басталды. Алғашқы жұмысы - Ш. Аймановтың "Біздің сүйікті дәрігер" (1957) музыкалық фильміндегі эпизодтық рөлі. Одан кейін актер фильмдерге үздіксіз түсіп отырды. Әсіресе режиссер, әрі досы Мәжит Бегалиннің фильмдерінде түрлі рөлдерді сомдады.

Қазақ ұлттық киносында басталған актерлық дәстүр бұдан былайғы уақытта Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Ыдырыс Ноғайбаев, Кененбай Қожабеков, Лола Абдукаримова, Фарида Шәріпова, Сейфолла Телғараев сынды талантты жастардың шығармашылығымен жалғасты.

Бұл жазылған мақаладағы дәйектер "Қазақ Киносының Тарихы" атты оқулықтан алынды. Авторлары: Б.Р. Нөгербек, Г.К. Наурызбекова, Н.Р. Мұқышева.

 

Малик Журчубаев

Осыған дейінгі сабақтас материалдар:

Қазақ киносының актерлік мектебі #1

Қазақ киносының актерлік мектебі #2

Пікірлер